2026 жылғы 28–30 сәуір аралығында «ТехноГруппСервис» ЖШС басшылығы Ыстықкөл облысында қуаттылығы 50 МВт «Күн Бұлағы» күн электр станциясын салу жобасын іске асыру шеңберінде Бішкек қаласына (Қырғыз Республикасы) барды. Іс-сапар барысында Қырғыз Республикасының Энергетика министрлігі мен Қырғыз Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық инвестициялар агенттігінің өкілдерімен жұмыс кездесулері өтті.
Кездесулер аясында жобаны іске асырудың ағымдағы мәселелері, тараптардың алдағы өзара іс-қимыл кезеңдері, сондай-ақ құрылысқа дайындықты аяқтау және нысанды кейіннен пайдалануға беру үшін қажетті процедураларды жеделдетуге бағытталған шаралар талқыланды. Жаңартылатын энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және «жасыл» экономика саласындағы өңірлік өзара іс-қимылды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі О.А. Бектенов Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетінің Төрағасына қазақстандық инвестор — «ТехноГруппСервис» ЖШС-нің қатысуымен «Күн Бұлағы» ЖШҚ іске асырып жатқан 50 МВт «Күн Бұлағы» КЭС құрылысы жобасына қолдау білдіретін ресми хат жолдаған болатын. Хатта жобаның екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, энергетикалық теңгерімді әртараптандыру және тұрақты даму саласындағы қазақ-қырғыз өзара іс-қимылын нығайту үшін маңыздылығы атап өтілген.
Қазақша


