2025 жылғы 17 маусымда Астана қаласында өңір елдері Мемлекет басшылары мен Қытай Халық Республикасының Төрағасы қатысқан «Орталық Азия – Қытай» II халықаралық саммиті өтті. Саммитте сауда-экономикалық, көлік-логистика байланыстарын дамытудан бастап энергетика, инновациялар және орнықты даму салаларындағы бірлескен жобаларды ілгерілетуге дейінгі ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды.
«ТехноГруппСервис» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Жомарт Моминбаев саммиттің сараптамалық бағдарламасына қатысып, өңірдегі шөлейттенуге қарсы күрес және экологиялық жағдайды жақсарту бойынша жаңартылатын энергия көздерінің мүмкіндіктері туралы баяндама жасады. Айта кетерлігі, БҰҰ 17 маусымды 1994 жылдан бастап Шөлейттенуге қарсы күрес халықаралық күні деп жариялаған.
Өз сөзінде Ж. Моминбаев Арал теңізінің құрғаған табанын қалпына келтіруге бағытталған GREENAID – 20 МВт күн электр станциясы пилоттық жобасын таныстырды. Жоба күн панельдерін сексеуіл отырғызумен үйлестіреді, бұл топырақты тұрақтандыруға, шаңды дауылдардың деңгейін төмендетуге және өсімдіктің өсуіне қолайлы микроклимат жасауға мүмкіндік береді. Мұндай шешімдердің Орталық Азиядағы трансшекаралық аймақтарда ауқымдандыру мүмкіндігіне ерекше назар аударылды.
20 МВт СЭС жобасы бойынша 20 жылдық РРА-шарт пен тариф бар. СЭС құрылысы кезінде фотоэлектрлік және тұзды ортаға төзімділік талаптарына сәйкестікті қамтамасыз ету мақсатында БҰҰ Жасыл климат қорынан капиталдық шығындарды ішінара өтеуге қолдау қажет. Жобаны іске асыру мақсатында «ТехноГруппСервис» ЖШС ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне және Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығына (МЦЗТИП) ресми түрде жүгінді.
Саммитке қатысу «ТехноГруппСервис» ЖШС-ның өңірдің климаттық және экологиялық мақсаттарына қол жеткізудегі жеке сектордың маңызды рөлін көрсетіп, орнықты даму саласындағы халықаралық бағдарламаларға озық шешімдерді енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады.