2026 жылғы 28 қазанда Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында Қырғызстан мен Қазақстан іскерлік кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Іс-шара екі елдің сауда-өнеркәсіп палаталарының басшыларын, дипломатиялық өкілдіктері мен іскерлік топтарының өкілдерін біріктірді. Кеңестің Қазақстан тарапынан тең төрағасы, Қырғыз Республикасындағы ең ірі тау-кен өндіруші компаниялардың бірі KAZ Minerals Бозымчакты басқаратын Ильяс Төлекеев өңірдегі ірі мыс өндіруші кәсіпорынның жұмыс нәтижелерімен бөлісті.
«Өнеркәсіптік кооперация, энергетика және инвестициялар» тақырыптық бағыты аясында «TGS-Energy» компаниялар тобының серіктесі Жомарт Моминбаев сөз сөйлеп, Қырғыз Республикасында қуаты 50 МВт болатын «Кун Булагы» күн электр станциясын салу жобасының іске асырылуы туралы ақпарат ұсынды. Жоба жаңартылатын энергетиканы дамытуға, инвестициялар тартуға және Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы энергетикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Отырыс барысында Қырғыз Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Темір Сариев екіжақты сауданың оң серпінін және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдету қажеттігін атап өтті. Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әбілқайыр Сқақов өнеркәсіптік кооперация, энергетика, инвестициялар, шекара маңындағы сауда және көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту салаларындағы жоғары әлеуетті атап көрсетті.
Қазақстан Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Кәрімсақов су-энергетикалық ынтымақтастықты дамыту мен өзара инвестицияларды қорғауды басым бағыттардың қатарына жатқызды.
Кеңес аясында «TGS-Energy» техникалық директоры Қанат Әбенов пен «Кун Булагы» ЖШҚ атқарушы директоры Асылбек Исабеков IT және құрылыс индустриясы салаларындағы қырғыз компанияларымен бірқатар B2B кездесулер өткізді.


Қазақша


